Ғұмар Қарашұлы (1875-1921)

 

Қазақ әдебиетінің тарихы алмағайлы замандарды басынан өте көп кешірді. Ахмет пен Жүсіпбек, Мағжан мен Міржақып, Шортанбай мен Шәкәрім, Дулат пен Мұрат, Шәңгерей сияқты ақын, жазушылар аласапыран, әпербақан заманына кезігіп, асыл мұралар бірқатар жылдар оқушы назарынан тыс қалды. Солардың бірі - Ғ. Караш.

Ол - көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үңдеген қайраткер ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдсрін жетік білген ғұлама, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелерін үзбей ой толғаған қаламгер, "Қазақстан", "Дұрыстық жолы" сияқты газеттер мен "Мұғалім" журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Оның 1910-1918 жылдары Қазан, Үпі (Уфа),Орынбор қалаларынан "Ойға келген пікірлерім", "Бала тұлпар","Қарлығаш", "Өрнек", "Тумыш", "Бәдел —хажы", "Аға тұлпар", «Тұрымтай» деген сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын эпостық жырларды жинап, жариялауда елеулі істер атқарды. Бұл ізгілікті еңбегінің куәсі — оның 1910-1912 ж. Орынбор қаласынан шыққан "Шайыр", "Көксілдер" атты жинақтары.

Ғ.Қарашұлы XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына кең тараған "Айқап", "Мұғалім", "Шора" журналдары мен "Қазақ дұрыстығы" сияқты газеттерде сол дәуірдің көкейкесті мәселелері хақында өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінді.

Ғ.Карашұлы 1875 ж. Ішкі Бөкейлікте Қарақүдық деген жерде, Қазіргі Батыс Қазақстан обл. Жәнібек ауданында дүниеге келген. Әкеден жастай жетім қалса да ағайын қамқорлығымен әуелі ауыл молдасынан оқып, хат танып, сауат ашады. Кейін Жазықұлы Исмағұл Қашқари сияқты молдалардан, Жалпақтал қаласындагы Ғұбайдолла Ғалікеев ғазіреттен дәріс алып, сол кісі ұстаған медресені бітіреді. Кейін 1902-10 ж. өзі туып-өскен ауылында, Тіленші сай, Борсы мекендерінде жәдитше(жаңаша) бала оқытады. Оның мектеп медреселерде қазақша, орысша пәндерді қатар оқытуына қожа-молдалар, жергілікті өкілдер карсы шықты, "дінді бүзды"   деген   өсек-аяң   таратады.   Ғұмардың   мүндай   бөгеттерге кезігуі, оның ғылым, білім, әділет жолындағы көзқарасын айқындай түседі.

Ғұмардың Борсы мекенінде Шәңгерей ауылының балаларына сабақ беруі өмір жолына жаңа бағытын айқындап. Шәңгерей
Ғұмарға орыс тілін үйретеді, орыс, европа өлендерінің көрнектіліктерімен   таныстырады,                                       басты-басты      роман-повестерін әңгімелеп береді. Бұның нәтижесі - оның А.Некрасовтың  "Соғыс қаһары" өлеңін аударуы, Л.Толстой философиясымен таныстығы.

1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісінен кейін Ресейде де, қазақ даласында да қоғамға сын көзімен қарап: халықтың көкейкесті мәселелерін көтеру белең алғаны аян. Қазақ зиялылары да осы кезеңде халық, заман жайындағы ойларын елге жеткізетін баспасөз кажеттілігін жақсы түсінді. Сондықтан Ғ.Құраш, Ш.Бөкеев, Ғ.Мұсағалиев, Б.Қаратаев, А.Мәмедов, Е.Буйрин сияқты қазақ оқығандары "Қазақстан" газетін шығаруға күш салды, ауқатты кісілердсн қаржы жинады.

Сөйтіп, Оралдағы ахун Мұтиғолла Тухфатуллин және оның серіктерінің баспаханасынан "Қазақстан" газетін шығарып тұрды. Аталған зиялылар газет бетінде елдің әлеуметтік мәселелерін көтерген мақалалар мен өлендер, орыс әдебиетінен аудармалар жариялайды. Бірақ, патша үкіметіне наразылық сипатты танытатын 1912 ж. Лена оқиғасын жазған "Қазақстан" он алтыншы санынан кейін 1913 ж., патша үкімстінің қаһарына ұшырап шығуын тоқтатты.

Қазан төңкерісі қарсаңында Ғ.Қарашұлы Үпі қаласында еді. Ол сол қаладағы діни орталықтың жетім балаларға жәрдем беру бөлімінде қызмет ететін.

Ол   1917  ж. Ақпан төңкерісіне,  "Алаш" партиясына  үмітпен қарады. Оның 1918 жылғы "Тұрымтай" жинағында жарияланған "Көреміз  бе?", "Келер ме екен?", 1918 ж. 22 қаңтарда "Сарыарқада" жарық көрген   "Алаштың азаматтарына"  деген  арман  мен  үмітіне  толы өлеңдері осы кезеңде жазылды.

Ғұмардың "Неден қорқам?", "Көреміз бе?", "Келер ме екен?", "Күн туды", "Алаш азаматтарына " деп аталатын бір кезде ұлтшылдық сарынға тағылған туындылары бүгінгі күн түрғысынан қарағанда шын мәніндегі ұлтын сүйген, халық тағдырын ойлаған перзенттік сезімнен туған терең тебіреністі өлеңдер еді. Ондағы негізгі ой елдік, бірлік мәселесі, өз билігі өзінде дербес ел болу, халыққа қызмет ету болатын. Сонымен қатар бұл өлендерден ("Күн туды", "Неден қорқам")  жастайынан дін жолын  қуып, имандылық, әдет-ғұрпын бойына сіңіріп өскен Ғұмардың дүниені қанды қасап, ойран ботқа қылып келген төңкеріске сын көзімен қарауы да заңды еді.

Теңгеріп жарлы, байды, құрып жұмақ

Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам...

Асығыс істей салған істен қорқам,

Қандары тасқан қара күштен қорқам.

Немесе:

Екі талай іс болып,

Елге қиын күн туды.

Аспанда ай күн тұтылып,

Жер жиһанда қан тұрды.

Ойлы ақын қоғам өзгертудің өзге жақтарымен емес, қан төгіспен келгенін, күшпен, зорлық-зомбылықпен жұмаққа жетуді қаламағандай. Бұл оның өмір бойғы алған тәрбиесіне, қалыптасқан көзқарасына тікелей байланысты.

Ғұмар 1917 ж. мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының
жалпы съезіне өкіл болады және сол жылғы Орынборда
өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, баяндама жасайды. "Алаш орда" ғұмырының қысқалығын сезген ол амалсыз жаңа дәуірге икемделуге мәжбүр болды. 1918 ж. дін мансабын тастап, Ордадағы педтехникумда сабақ береді.

Ғ.Карашұлы 1919 ж. Бөкей губсполкомында істейді, сол жылы партия қатарына кіреді (комунистік). Оған Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын "Мұғалім" атты тәлім-тәрбие, ғылыми пән журналының шығарушылар алқасын басқару жүктеледі. Бұл - тұңғыш қазақ педагогикалық журналы еді.

Ол 1920 ж. 21маусымда III Бөкей губерниялық партиялық конференциясыңда губкомның пленум мүшесі болып сайланады, белсенді әрекеттерге араласады. 1921ж. 12 сәуірде ақ бандылар ақынды Құнан шапқан деген жерде азаптап өлтіреді. Ақынның мезгілсіз қазасы хақында "Қазақ тілі" газеті (1921, №136). "Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі десек өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне білімді, пікірлі қызметкерлердің өте керек болып тұрган заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындар қолынан кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрегімізге от жағады. Уақьтсыз кеткен есіл ер топырағың торқа болсын, сенің атың, қызметің қазақ халқымен бірге жасайды" деп аза тұтады.

Ғ.Карашұлы ауыл молдасынан халқының қамын ойлаған қайраткер ақын дәрежесіне дейінгі күрделі өмір жолынан өтті. Халық тағдыры, дәуір сипаты,  өмірдің өзекті  мәселелері  шығармаларының  негізгі тақырыбына айналды. 1911-18 жылдары жарық көрген сегіз жинағына, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары мен өлеңдерінде, педагогикалық еңбегіне, басылып үлгермеген көркем әңгімесіне қарағанда ол әр түрлі жанрды қалам тербеп, жемісті еңбек еткен. Ғалым Е.Ысмайловтың "Революция алдындағы дәуірде халық арасына есімі мен шығармасы ең көп жайылған, қадірлі, даңқы зор ақын Омар болды. Барлық ақыннан да Омар өлеңді көп жазды. Жеке кітаптары да үздіксіз көп басылып отырды", ("Алматы ақшамы" 30.1.1990) деуі өте орынды пікір.

1911 жылы ақынның үш өлең кітабы жарық көрген."Бала тұлпар" мен "Тумыш" - Үпіде, "Қарлығаш" - Қазанда жарық көрген.

Ғұмардың "Тумыштағы" өлсңі ел ағалары мен және имандық ұстар молдалармен сырласу тұрғысында сипатталады. Ақын жинаққа енген
өлеңдерінің қай-қайсысында да ұрпақ тәрбиесін, әйел-ана рөлін, ғылым-білімнен кенже қалған надандықты тебірене толғап, халыққа
қызмет етуді насихаттаған.                                  

Ақын Ғұмар "Бала тұлпардың" мұқабасында төрт тармақты және жинақ соңындағы қорытыңды өлеңінде - ақ сөйлеп, ғибрат айтуды мақсат етеді. Бұл -ақынның бүкіл шығармашылығының ортақ нысанасы Бұл жинақтағы келелі шығармалары - замана жайындағы екі-үш толғауы. Ақын оларда қазақ халқының өткен дәуірдегі елдік, ерлік салтын бағзы әдет-дағды, сән-салтанатты, ел қамын ойлар ерлер мен береке-бірлікті аңсай еске алып, заманның, кісі құлқының бұзылуын, әдепсіздік пен екіжүзділік, мейірімсіздік пен жікке бөлінушіліктің күшейіп, заман азып, қазақтың бағы қайтуын қапалана, қайғырып жырлайды.

Ғұмардың шамырқана аяусыз шенейтіні - надандық пен дарақылық, тоғышарлық пен жағымпаздық, мақтангөйлік пен шариғат жолын бұрмалаушылық. Ол бағзы жырауларша термелеп, толғана отырып, хан мен халыққа, ел билеушілерге, бала мен қатынға сыншылдық байыптаулар жасап, сол заманға орнықты баға береді. Халықты оянуға, өнер-білімге, іргелі ел болуға, өмірді жаңарту үшін қам-қарекет жасауға үндейді.

Ғұмардың замана халі мен табиғатты салыстыра суреттеудің өзі ақындық өнеге алған Шәлгез әсері байқалса, бағзы дарқан дала мен көшпелі өмірді еске алуда Шәңгереймен үндестігі айқын аңғарылады. А.Нұрқатов   айтқандай: "Бірақ Ғұмар оны жалаң қайталамайды, небір тың теңеулер, тапқыр салыстырулар қолданады, дамыта, әрі тереңдете отырып қолданады"   ("Абайдың  ақындық 'дәстүрі" 1966).

Ақын "Қарлығаш" жинағында алғашқы екі кітаптағы ой-пікірін дамыта түскен.

Бұл дүние себеп, талап дүниесі,

Тек жүрген себеп етпей болар харап.

Осы екі жол жинақтағы барлық өлең, толғаулардың темірқазығы іспетті. Ақын айтар ойын осы жолдардың мазмұн-мәні арқылы өрбітеді. Ұсынар жолы: тырбану, қарекет ету. Ақын оны құдай да: "Қарекет етсең жарылқаймын" деген деп иландыра, сендіре толғайды. Ел үстінен күн көрген надан сопыларды сынайды. Оны қарлығаш аузымен айтқызады. Өнер-білімге ұмтылмай енжар жүрген халықтың қырсыздық-жалқаулығына ашына тіл қатады. Жомарттық, әділдік, батырлық, жігер, әдеп, ұят, тәкаппарлық жайлы толғанады.

Ғұмар өмірге азық болар білім, өнерді жас кезде алуды, өнер, ғылым дамыған ерікті ел болуды армандаған. Ақын ашына, қапалана айтқан, яки арман-мұрат ете толғаған өлеңдерінің қай-қайсысында да қазақ халқы тағдыры тұрғысынан жырлайды.Ел басына төнген қасіретті халден арылуды аңсайды.

Ақынның 1914 жылгы Орынборда шыққан "Аға тұлпар" жинағында ақындық шоқтығы бұрынғыдан да биіктей түскен. Ол

Өз сөзімен айтқанда "замана жайлы көзге алар" шын азамат - ақын ретінде танылды. Уағыз, өсиет, насихат, тілек түрінде келетін өлең, толғауларының қай-қайсысында да замана адамы жайында бағзы жыраулар өнегесімен өзінше толғанады. Ақынның қасірет қайғысы: патша отаршылары еркіндеп, қазақтың ежелгі қоныстан айрылуы; ары, діні мал болып, ел ағасы жетім-жесірлерге қарамай, атақ, дәреже үшін арын сатуы; екіжүзділік, паңдық, арызқойлық, мансапқорлық жол алып, елдің азуы. Ғұмар халықты өнер, білім жолына бастауды жастарға ғана аманат етеді, соларға үміт артады. Ақынның бұл жинағында болмыс, ғарыш әлемі хақындагы өлеңдері де бар.

Ғ.Қараштың 1918 ж. Үпі қаласыңда жарық көрген "Тұрымтай" жинағында өмір, заман туралы тебіреніс, толғаныстары енген. Мұнда да бұрынғы топтамаларында жырлаған халық, ұлт, өнер-білім, өмір, заман туралы ойларын дамыта түскен. Ол "Күн туды", "Саған не болды?","Көреміз бе?", "Өтер ме екен?", "Барыпсың", "Жазда      тастамаған      телпек"      сияқты      бірқатар өлеңдерінде келісті де келелі ойлар қозғайды. Ақын жинақтың алғашқы бетінде екі нәрсені аңғартады. Бірі - Тұрымтай ызғарымен егінді отаушы торғайларды қуу, екіншісі - пәни дүниенің жалғандығы. Ғұмар торғайды елді тонаушы әкімдер бейнесінде алады.

Ақын пайымдауынша: махаббат - нұрлы сезім, ақ тілек, мәнді-мұрат. Тағдыр адам еркінен тыс табиғи өмір қарекеті; өмір - жел қайықтай өтпелі жалған; тіршілік таяныштары адамның үй-күйі, туған, өнген жері, жары, бала-шағасы. Ақын ешқандай тұрақты нәрсе жоқ деп дүниенің мәңгілік тасуда екенін сезінген.

Ақынның терең, кемел ойларын саралай келе, Е.Ысмайылов, "Омар өз дәуіріндегі аса шешен, сөздерін өткір жеткізіп айта білген сыншыл реалист ақын болды."-десе, А.Нұрқатов пікірінше: "Ғ.Қарашев - өзінен бұрынғы да, өзімен тұстас та ақындардан, әр елдің әдебиеті үлгілерінен үйрене отырып, өзіндік стиль тапқан ақын"дейді. Бұл пайымдаулар - Ғұмар поэзиясы туралы айтылған орнықты баға, орынды толғамдар.

Ғұмардан өмір жолы мен шығармаларын байыптап қарағанда көз жеткізетін бір шындық - оның өз кезеңінің сан-салалы әлеуметтік келелі мәселелерін көтере білгендігі. Ол заман сыры, өмір мәні, дін-шариғат жолы, табиғат заңдары, ғылым мен оқу-өнердің пайдасы секілді сан алуан тақырыптарда толғанған.

Патша өкіметінің отаршылық саясатын, жергілікті әкімдердің екіжүзділігін батыл әшкерелеп, халқының тілі мен мәдениеті дамыған, өз билігі өзіндегі іргелі ел болуын армандаған еді. Ғұмар армандары енді ғана іске асып келе жатқанаын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Ақын мұрасының тар жол, тайғақ кешуге ұшыраған кездердің өзінде оның бағасын байыптай білген қайсар ғалым Е.Ысмайылов "Омар - Абайдан кейінгі дәуірдегі XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын ірі классик ақын, қазақтың жазба, көркем әдебиетін дамытуда, әдебиет, тілін қалыптастыруда Омардың тарихи еңбегі ерекше. Омар үлкен суретші, шебер, көркем сөздің ұстасы" деген екен.

Қорыта айтқанда Ғұмар аса көрнекті ойшыл-философ, ағартушы, публицист, ақын. Және батыс, шығыс елдерінің бірқатар шығармаларымен жақсы таныс болса да, өзгеге еліктемей-ақ, "Өзің ту ұл тусаң да, қыз тусаң да" деп өзі айтқандай қазақтың ақын-жыраулық дәстүрінен қол үзбей, ұлттық әдебиеттің кең шапанын жамыла отырып, озық ой, ілгері пікір айта білген қайраткер ақын, өз дәуірінің ірі тұлғасы.

1. Тумыш-көне сөз, біртуар, асыл тек жүйрік деген мағынаны білдіреді.

2. Харап – біту, жоқ болу, бұзылу, бүліну

Жаттау: «Неден қорқам».

1.     Ғ.Қараш. Замана. А., «Ғылым», 1994 жыл, -240 бет. (123 б.)

2.     Қ.Сыдиықұлы. Халқымен қайта табысқандар. А., «Ана тілі», 1997ж.